«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ-сы
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Келісімді жүзеге асыру аясында Алматы облысының Панфилов ауданындағы қазақстан-қытай шекарасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығын құру мақсатында өмірге келген мемлекеттік компания болып табылады.
Шығыстағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» Қазақстанды да, Қытайды да, Кеден одағының елдерін де жарылқайын деп тұр...
Дамыған елдер дегенде, ең алдымен ауызға Германия, Франция, Англия, Италия секілді еуропалық мемлекеттер ілігеді. Ал Орталық Азиядағы елдер дегенде, көз алдымызға артта қалған Ауғанстан, кедей Қырғызстан мен Өзбекстан елестеуі мүмкін. Бірақ Өзбекстанды «кедей» деуге келмес, әрине. Қазақстан да кедей елдер қатарына жатпайды.
Қазіргі жаңа әлемде кез келген мемлекеттің байлығы оның адамдық немесе табиғи ресурстарына ғана байланысты емес, көп жағдайда географиялық орналасуына, өзінің көліктік-экспорттық әлеуетін жүзеге асыра алу қабілетіне де байланысты. Бұл тұрғыда, Қазақстан дипломатиясының жақын көршілерімен достық, бейбіт қарым-қатынас орнатуға бағытталған сындарлы саясатының өз жемісін беріп отырғаны - елдің сөзсіз жетістіктерінің бірі. Өткен 2010 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға өсті. Республикада 140 жаңа кәсіпорын іске қосылды, экономикаға құйылған жалпы капиталдың сомасы бұрын естіп-білмеген 200 миллиард долларға жетіпті.
Шүкір, соның арқасында - демографиялық жағдайымыз да түзеліп келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде елдегі бала туу көрсеткіші бір жарым есеге артты. Жалпы аумағы 30 миллионнан астам шаршы метрге сай келетін баспана тұрғызылып, 330 мың қазақстандық отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Республикамыздың экономикасына құйылған инвестиция көлемі де жылдан жылға артып келеді. Тіпті «DEIK» іскерлік қауымдастығына кіретін тек қана түркиялық бизнесмендердің өзі Кеден одағы толыққанды іске қосылып, 170 миллион адамды қамтитын ортақ нарықтың пайда болуына байланысты Қазақстан экономикасына 200 миллиард доллар инвестиция салуға дайын екенін жеткізуде.
Бәрі халықтың игілігі үшін
Ал Қазақстанның өз экономикасын ары қарай алға жетелей түсуіне жол ашатын әлеуеті әлі де мол. Бұл тұрғыда, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізі мен Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» құрылысының маңызы зор. Соңғысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған, Қытаймен арадағы шекарада жұмыс істейтін арнайы сауда-экономикалық аумақ. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Қамалиев журналистерге берген өз сұхбатында түсіндіріп өткендей, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бірегей халықаралық сауда-саттық орталығының жалпы аумағы 528 гектар. Оның ішінде Қытай жағынан 343 гектар, Қазақстан жағынан 185 гектар аумақта құрылыс жүргізілуде. «Қазірге дейін құрылыстың бірінші кезегі, оның ішінде қажетті инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы толық аяқталды. Бұл - жоба бойынша барлық жұмыстың 70 пайызы. Оның ішіне автокөлік жолдарының құрылысы, жылу және канализациялық құбырларды салу сияқты жұмыстар кіреді. 2011 жылдың 1 шілдесінде аумағы 11,5 мың шаршы метрлік «Бақылау-өткізу пункті-1» іске қосылады деп күтілуде. Осылайша, «Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» инфрақұрылымы құрылысының алғашқы кезегі аяқталады» деді Берік Қамалиев.
Берік Сайлауұлы жеткізген тағы бір жаңалық - «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» бастапқы жобасына айтарлықтай өзгертулер енгізілген. Оның ең бастысы - Орталықтың жаңа тұжырымы құрылды. Бастапқы жобада халықаралық сауда-туристік орталық құруға, оның ішінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіретін елдердің этнографиялық парктерін, спорттық және ойын-сауық нысандарын, халықаралық ынтымақтастық орталығын дамытуға басымдық берілсе, енді ең алдымен бар жұмыс сауда-саттыққа негізделеді. Бұл орталық - аса ірі құрлықтық порт болмақ. Қазақстан, Ресей және Белорус азаматтары мен кәсіпкерлері 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» аумағында 30 күн бойы еш визасыз жүре алады. Қытайдың бүкіл тауары мен экспорттық өнімдері де осы жерге жеткізіледі. Заманауи павильондар мен қоймалардың салынып қойғаны да бар, салынып жатқаны да бар. Нәтижесінде, Кеден одағының кәсіпкерлері Қытайға бару, виза рәсімдеу сияқты көп қиындықтан құтылайын деп тұр. Жерлестерімізді айтпағанда, Ресей мен белоруссиялық азаматтар енді өзіне қажетті тауардың барлығын Қазақстан мен Қытай шекарасынан сатып алады. Тасымал шығыны азайған соң, қытайлық тауарлардың онсыз да арзан құны одан сайын арзандай түседі. Айтпақшы, «Қорғасқа» теміржол торабы да тартылуда. Тіпті орталық аумағына келетін қонақтарға арналған қонақүйлер де көптеп салынуда. Болашақта мұнда келетін кәсіпкерлер, саудагерлер мен туристердің саны шексіз болатынына күмән жоқ. Әрине, бұл да отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін оңтайлы мүмкіндік.
Өткен жылдың қазан айында Астанада Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр ауданының халықтық-саяси консультативтік кеңесінің төрағасы Асхат Керімбаев бастаған қытайлық уәкілтоп ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау жетекшілік еткен қазақстандық тараппен арнайы кеңес өткізді. «халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» ашылу мерзімі де осы кеңес барысында 2011 жылдың жазына белгіленген. Қазақстан да, Қытай да жекеменшік бизнесті дамытуға үлкен мән береді. Ал «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы Орталығының» тұжырымы әу бастан-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде құрылу үшін жасалған. Жоба бойынша, мемлекеттік инвестиция есебінен келетін әрбір 1 теңгеге шаққанда, жекеменшік есебінен 4 теңге тарту көзделген.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі де - барша халқымыздың мүддесіне мүлдем қатыссыз емес. Қытай мен Кеден одағы елдері арасындағы тауар айналымы артады, нәтижесінде салық базасы кеңейіп, бюджеттің түсімі молаяды. Елдегі зейнетақы мен бюджеттік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Елде ақша мол болса, шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа демі ашылады. Құдай қаласа, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автомагистралі салынады.
Айтпақшы, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» игілігін миллиондаған қазақстандық көре алады. Жоба бойынша, еліміздің қарапайым азаматтары үшін айтарлықтай жеңілдіктер көзделеді. Орталық аумағында құны 1500 евродан аспайтын, әрі салмағы 50 келіден аспайтын тұтынушылық тауар сатып алған барлық жеке тұлғалар кедендік төлемдерден босатылады.
Айдын ОЛЖАЕВ